Қазақстандық оқушылар Азия олимпиадасында бір алтын және үш қола медаль жеңіп алды
Асхат Аймағамбетов білім олимпиадасының қатысушыларын құттықтады.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім олимпиадасының қатысушыларын құттықтады, деп хабарлайды Vecher.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылар арасындағы республикалық олимпиада аяқталды. Оған еліміздің 1500-ден астам дарынды оқушысы қатысты.
«Бұл — мұғалімдердің, балалардың өздерінің орасан зор еңбегі, әрине, мұнда ата-аналардың да үлесі мол. Біз балаларымыздың жеңістері мен жетістіктеріндегі ата-аналардың рөлін жиі атап өте бермейміз, алайда табыстың ең басты шарттарының бірі — дәл солардың қолдауы. Үй шаруасы мен жұмыстың арасында баланы бір үйірмеден екіншісіне апару, күн сайын мектеп тапсырмаларына көмектесу, көңілін көтеру, кейде қаталдық таныту — мұның бәрін ата-аналарымыз атқарады. Сондықтан республикалық олимпиаданың 1500 қатысушысының барлық ата-анасына ҚР Білім және ғылым министрлігінен алғыс хаттар жолданды. Оқушыларымыз халықаралық деңгейде де табыстарымен қуантуды жалғастыруда», — делінген құттықтауда.
Атап айтқанда, қазақстандық оқушылар Азия олимпиадасында бір алтын және үш қола медаль жеңіп алды.
«Қатысушыларды лайықты жеңісімен құттықтап, жаңа белестерді бағындыруларына тілектеспін! Сондай-ақ тәлімгер-педагогтерге еңбегі мен шәкірттерінің осындай жақсы нәтижелері үшін алғыс айтамын», — деп жазды министр.


