Астанада алғашқы Қазақстан-Малайзия университеттік форумы өтті. Екі елдің жоғары білім министрлері ынтымақтастықты нақтырақ деңгейге көтеруге уағдаласты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ынтымақтастықтың берік негізі қалыптасқан: 40-тан астам қазақстандық және 30-дан астам малайзиялық жоғары оқу орны 80-нен астам келісім жасасқан. Биыл 50-ден астам қазақстандық студент академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша Малайзия университеттерінде білім алды, ал малайзиялық мамандар Қазақстан ЖОО-ларында сабақ беріп, ғылыми жұмыс жүргізуде.
Форумда ынтымақтастықты кеңейту туралы жаңа құжаттарға қол қойылды. Қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өте алады. Делегация сапарын Қазақ ұлттық спорт университетінде жалғастырды.
ҚР ҒЖБМ, Kazinform және 24KZ материалдары бойынша: gov.kz