Ғылым және жоғары білім министрлігі мамандар даярлаудың жаңа моделін сынақтан өткізуді бастады: студенттер жасанды интеллектіні нақты мамандықпен бірге меңгереді.
AI+X формуласы екі бөліктен тұрады: AI — жасанды интеллект, X — оны қолданатын сала. Түлек AI технологияларының қалай жұмыс істейтінін түсініп қана қоймай, олардың көмегімен өз саласының міндеттерін шеше білуі тиіс.
Модельді алғаш болып Maqsut Narikbayev University сынайды. Студенттер бағдарламалауды, машиналық оқытуды және AI шешімдерін әзірлеуді үйреніп, сосын білімін қаржы, экономика немесе бизнесті басқару саласында қолданады. Алғашқы қабылдауға 70-ке жуық адам енді, оқу ағылшын тілінде жүреді. Эксперимент үш жылға есептелген.
Пилоттық жоба Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтуде.
ҚР ҒЖБМ, Kazinform және 24KZ материалдары бойынша: gov.kz