Экономикалық-заң колледждің жаңалықтар

Министр Аймағамбетов: Диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді

Министр Аймағамбетов: Диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті қабылдаған басылымдарының жаңа тізіліміне 31 журнал кірді.

Бұл — ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен бір жылдан астам уақыт бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесі.

Өзгерістерге тоқталмас бұрын, ғалымдар бұған дейін көтерген мәселелер туралы айтып берейін.

Біріншіден, диссертациялық кеңес пен ресми рецензенттердің жауапкершілігіне қатысты мәселелер жиі қозғалатын.

Мәселен, диссертациялық кеңес үш жылға әрі тұрақты мүшелерден бекітілетін.

Кеңес мүшелері қатарында ғылыми жұмыстың тақырыбы мен мазмұнын жан-жақты меңгерген маман болмаса да, жазылған диссертацияға қатысты шешім қабылдайтын. Десек те, ғылыми жұмыстарды қорғау көбінесе оң нәтижемен аяқталып жатады.

Рецензия кезінде жұмыстың кері қайтарылуы — қалыпты жағдай емес. Ұлттық жоғары оқу орындарында соңғы екі жыл ішінде мұндай көрсеткіш мүлдем тіркелмеген деп айтуға болады.

Мысалы ұлттық университеттердегі диссертациялық кеңестер 2019 және 2020 жылдары 266 жұмысты қарастырып, оның тек екеуін өткізбей қойған.

Айта кетерлігі, Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті соңғы он жыл ішінде 142 докторантқа ғылыми дәреже беруден бас тартқан, яғни олардың диссертациялық жұмысы ЖОО қабырғасында қорғалса да, көңіл көншітпеген.

Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, шетелде диссертациялық кеңес әрбір ғылыми жұмыс бойынша құрылады және негізгі талқылауларды сол кеңес жүргізеді.

Кеңес мүшелері мен ресми рецензенттердің беделі де жоғары, олар диссертацияны қарастыру барысында тек түпкілікті шешім ғана емес, аралық шешімдерді де қабылдай алады.

Келесі мәселе. Докторант диссертацияны қорғау алдында көп уақытты талап ететін күрделі процедураларды орындауға мәжбүр.

Диссертациясын қорғау үшін докторант әртүрлі ғылыми семинарлар мен сараптамалық комиссиялардың қосымша талқылауларына қатысуы керек. Сондай-ақ олар рецензенттерді іздеумен, диссертацияны қорғау процедурасын ұйымдастырумен айналысады. Тіпті, кейде ғылыми кеңесшілер мен рецензенттердің пікірлерін докторанттың өзі жазатын мысалдар да бар.

Бұл мәселелер ескерілді.

Енді нормативтік құжаттарға енгізілген оң өзгерістер туралы айтайын.

1. Енді диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибені ескере отырып жасақталады.

Докторанттың зерттеу тақырыптары әралуан болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің жартысы уақытша тағайындалатын болады.

Енді кеңес мүшелері, қорғау қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады.

Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді.

Бұған қоса, енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысатын болады.

2. Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын білесіздер. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс өткен жылы енгізілген болатын.

Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады.

Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек.

Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.

Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді.

Дегенмен, бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады.

3. Ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.

Яғни диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Ендігі кезекте ғылыми және академиялық қауымдастықты белсенді болуға шақырамын. Енді кез-келген ғылыми зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра аласыздар.

4. Докторанттың диссертациясы толық дайын болған кезде кафедраның кеңейтілген отырысында ғылыми жұмыс бір рет талқылаудан өтеді.

Негізгі талқылау жұмыстары диссертацияны қорғау кезінде жүргізіледі. Осылайша қорғау сапасы жақсарып, диссертациялық кеңестердің жауапкершілігі артады.

5. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары үшінші жыл қатарынан PhD дәрежесін өздері тағайындап, жеке үлгідегі дипломдар беріп жатыр. Енді ұлттық жоғары оқу орындары докторанттардың жарияланымдарына өз шешімдері бойынша, қосымша, жоғары талаптар қоя алады.

6. Енді ел азаматтары диссертацияны онлайн форматта қорғай алады.

Бұл — әлем бойынша кеңінен пайдаланылып жатқан тәжірибе. Пандемия кезінде Калифорниядағы Беркли университеті, Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да оқу орындары алғашқылардың бірі болып диссертацияны қорғауды онлайн форматта өткізген еді.

Бұл өзгерістерге дейін болған қосымша талаптарды естеріңізге салып өтейін.

Өткен жылы жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары нормативтік құжаттарда бекітілген болатын.

Жарияланымдарға қойылатын талаптар күшейтілді.

Сәкесінше отандық ғылыми журналдар да контент сапасына ерекше назар аудара бастады. Бұл шешім былтыр сәуір айында қабылданғанымен, журналдарға қойылатын жаңа талаптар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Яғни, баспаларға өз журналдарын жаңа сапалы талаптарға бейімдей алуы үшін жеткілікті уақыт берілді.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті қабылдаған басылымдарының жаңа тізіліміне 31 журнал кірді. Бұл журналдардың қатары әлі де артатын болады.

Қорыта айтқанда, енгізілген жаңа өзгерістер диссертацияны қорғау және диссертациялық кеңес қызметіне қатысты түрлі аспектілерді қамтыды.

Қабылданған басқа да өзгерістермен қатар бұл жаңашылдықтар диссертациялық кеңестер жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға негіз болады деп сенемін.


Астана қаласының Экономика-заң колледжі бүгінгі таңда мемлекеттік үлгідегі диплом беру құқығы бар, институционалдық және мамандандырылған тәуелсіз аккредитациядан өтті және №15001761 бас лицензияға ие.

© 2015-2022 Экономика-заң колледжі Астана қаласы, Қазақстан. 1999 жылы құрылып арнайы орта білімді кадрларды дайындау бойынша білім қызметін жүргізу лицензиясын алды.

Яндекс.Метрика
Рейтинг@Mail.ru

Сайт жасаған Webmarka