Экономикалық-заң колледждің жаңалықтар

12 сәуір — Ғылым қызметкерлерінің күні

12 сәуір — Ғылым қызметкерлерінің күні

Бүгін — Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні.

Министр Асхат Аймағамбетовтің құттықтауы

Бүгін — Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні.

Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. 12 сәуір — Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні.

Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Біз ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымдарымызды мақтан тұтамыз.

Еліміздегі ғылым саласының әлеуеті зор. Мәселен, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасын ерекше атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда ғылым саласының жетістіктері айтарлықтай көп, дегенмен проблемалар да жоқ емес.

Сондықтан біз өз тарапымыздан еліміздегі ғылымның одан әрі дамуы үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылым саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Бірнеше негізгі бағыттарға тоқталып өтейін.

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл — отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Егер бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болады. Тек 2020 жылы 5 конкурс өткізілгенін атап өту қажет.

Тағы бір маңызды жайт, 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері бекітілді. Олар — коллаборация бойынша, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б гранттар.

Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды.

Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады.

Біз үшін магистратура мен докторантураға түсу кезіндегі ашықтық пен меритократияны арттыру маңызды. Сондықтан өткен жылы магистратураға түсу үшін емтихандарды алғаш рет электрондық форматта өткіздік. Биылдан бастап докторантураға түсу емтихандары да осындай форматта өтпек.

Ғылыми қоғамдастықпен орнатылған тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде диссертациялық кеңестердің жұмысы бойынша ережелерге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ докторанттар үшін диссертацияны қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді.

Одан бөлек ғылыми журналдардың тізімін қалыптастыру ережелеріне де өзгерістер енгізілді. 2021 жылдан бастап біз мықты, беделді ғылыми журналдарды қолдау жөніндегі жобаны іске асыруды бастаймыз.

Тағы бір жаңалық — енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен 2020 жылы БҒМ-ге қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды.

Биыл осы мақсатта 3,5 млрд теңге бөлінді. Сондықтан Институттарды модернизациялау бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады.

Ұлттық ғылыми кеңес қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған оң өзгерістер енгізілді. Енді олардың жиындары онлайн, ал дауыс беру процесі ашық форматқа ауыстырылды. Ғылыми кеңес құрамы да ғылыми қызметкерлердің жұмысына сәйкес жаңғырды.

Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және "Жас ғалым" жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады.

Одан бөлек, еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни, бұл — жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады деген сөз.

Ғылымдағы барлық процестерді одан әрі цифрландыру бойынша жұмыс атқаруымыз керек. Кейбір ғылыми жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзім талап етіледі. Бұл ретте мұндай ғылыми жобаларға грант беру мерзімдерін 5 жылға дейін ұзарту мәселесі де қолға алынады.

Біз ел үшін стратегиялық бағыттар бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын институттарды тікелей қаржыландыруды маңызды деп санаймыз.

Министрлік базалық қаржыландыру шеңберінде ақы алатын қызметкерлердің тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Біз үшін жас ғалымдарға қолдау көрсету маңызды. Сондықтан заңға енгізілген өзгертулер арқасында жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнайы гранттар бөлу жүзеге асырылатын болады.

Бұдан басқа, ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру практикасы да жалғасатын болады.

Ғалымдарымыздың жобалары жетістіктерге жету үшін — оларға қолайлы жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан саладағы қағазбастылықты барынша азайтып, жастарды ғылым саласына тартып жатырмыз.

Құрметті ғалымдар! Ғылым саласының қызметкерлері!

Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Атқарып жатқан қажырлы еңбектеріңіз, тың бастамаларыңыз бен жобаларыңыз, батыл идеяларыңыз бен бірегей зерттеулеріңіз үшін алғыс айтамын.

Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас қуат, ізденіс жолында шабыт және толағай табыстар тілеймін.

gov.kz


Астана қаласының Экономика-заң колледжі бүгінгі таңда мемлекеттік үлгідегі диплом беру құқығы бар, институционалдық және мамандандырылған тәуелсіз аккредитациядан өтті және №15001761 бас лицензияға ие.

© 2015-2022 Экономика-заң колледжі Астана қаласы, Қазақстан. 1999 жылы құрылып арнайы орта білімді кадрларды дайындау бойынша білім қызметін жүргізу лицензиясын алды.

Яндекс.Метрика
Рейтинг@Mail.ru

Сайт жасаған Webmarka

Колледжде күндізгі және сырттай оқу формасына келесідей мамандықтарға қабылдау жүріп жатыр    ТОЛЫҒЫРАҚ...
Toggle Bar